• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
Қазақстан 10 Желтоқсан, 2018

Тарихи сананы  жаңғырту  мәселелері халықаралық конференция барысында талқыланды

650 рет
көрсетілді

Қазақ философиясының өткені мен келешегі, қоғамдық сананы жаңғыртудың жаңа көкжиектері, Қазақстанның өзіндік ерекшелігін қалыптастырудағы саясаттану ғылымының рөлі, қазіргі заманғы дінтану зерттеулері, әлеуметтік ғылымдардың тарихи жолы, қазақстандық мемлекет пен қоғам алдында тұрған міндеттерді жүзеге асырудағы нәтижелер мен болашағы тақырыбы Философия, саясаттану және дінтану институтының ұйымдастыруымен өткен «Тарихи сананы  жаңғырту аясындағы қазіргі заманғы гуманитарлық білім мен ғылымның жаңа көкжиектері» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция барысында кеңінен талқыланды.

Конференцияға қатысқан ғалымдар биылғы жылы құрылғанына алпыс жыл толып отырған зерттеу институтының ұлттық философияны зерттеп-зерделеудегі ұзақ жылдардағы ізденісті істеріне шолу жасап, келешекте жасалатын жұмыстар барысына тоқталды.  

Институт директоры, саяси ғылымдар докторы, профессор Ақан Бижанов іргесі 1958 жылы қаланған институт бүгінгі заман талаптары үдесінен шыға отырып, философиялық қызметін ғылымның маңызды салаларымен толықтырғандығын атап өтті. Қазақстандық философия мектебі  қазақ халқының дәстүрлі философиясын дамыта отырып, өткен ғасырлар мұрасын жан-жақты зерттеп, бүгінгі заманғы дәстүрмен сабақтастығына барынша зер салып  келеді.  Институтта жүргізілетін кешенді ғылыми зерттеулер адамның сана-сезімін, рухани жетілуі мен шығармашылық жасампаздығын, білім мен ғылым мәселелерін жан-жақты талдауға негізделген. Соңғы жылдары адами капиталды әлеуметтік-философиялық тұрғыдан зерттеуге арналған бірнеше ұжымдық монографиялар, ғылыми мақалалар жарық көрді.

Шара аясында сөз алған БҒМ Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Асқар Жаркенов, академик Әбдімәлік Нысанбаев, академик Мұрат Жұрынов, Сағади Бөлекбаев, Ғалымқайыр Мұтанов, Зиябек Қабылдинов, Саясат Бейісбаев, т.б. белгілі ғалымдар философия ғылымының дамуындағы институттың маңызды зерттеулеріне тоқталды.

«Қазақ философиясының бастауында қазақтың ұлы перзенттері тұр. Кеңестік идеологияның салдарынан Ұлы даладан шыққан ғұламалардың есімі айтылмай келді. Енді міне өткенімізге, ұлттық тарихымызға оралған кезеңде философияға ерекше мән бере отырып,  ұлттық сананы жаңғыртудағы рөлінің зор екендігіне көз жеткізе түсеміз» дейді шығыстанушы, филология ғылымдарының докторы Әбсәттар Дербісәлі. Ғалымның айтуынша, қазіргі кезде үлкен зерттеулер жасалуда, ал алдағы уақытта заман талабына сай, ұлттық дәстүрді санасына сіңірген, қазақтың үдесінен шыға білетін философтарды дайындау міндеті тұр.

«Қазақ өзінің тұжырымдарын, түсініктерін, ойларын негізінен этикалық деңгейге жеткізген халық. Қазақ философиясы классикалық үлгідегі трактат немесе монография түрінде емес, поэтикалық сипатта жеткізілген. Қазақта поэзия мен философия кірігіп кеткен ұғым болғандықтан, біздер философияны ақын-жыраулардың шығармаларынан іздей отырып, ойдың терең астарына, даналық сөздеріне аса мін береміз. Абай, Шәкәрім, т.б. ұлы тұлғалардың еңбектері адамды тәрбиелеуге жақын философия» деген ойымен бөліскен философия ғылымының докторы Серік Нұрмұратов алдымызда Ұлы даланың тарихын даналық көздерінен жинақтау міндеті тұр, дейді.

Прагматикалық, технологиялық даму заманында бізге рухани байлығымызды, яғни өткен мен болашақты байланыстыратын, тереңдегі ойларымызды бүгінгі ұрпаққа жеткізуде жаңа түсініктерді синтездейтін философия қажет. Ол диалогқа, сұхбатқа негізделген философия болу керек. Осындай тұщымды пікірлерімен бөліскен ғалым ұлттық философия оқу бағдарламаларында көрініс табуы керектігін айтады. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында белсенді жұмыстар жүргізіліп, клубтар, пікірлесу алаңдарын ұйымдастыру арқылы жастарға көп көңіл бөлу уақыт талабынан туындап отыр.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ